2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі облыстық орталық» ММК-ның аурудың алдын алу және қоғаммен байланыс бөлімі мамандары өңірдің бірнеше ауданында бірқатар көшпелі профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізді. Атап айтқанда, Ақсу және Сарқан аудандарында аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, жұмыспен қамту орталықтарының, мансаптық орталықтардың, әкімдіктердің, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің (оның ішінде пробация бөлімдерінің), сондай-ақ «Ақбулақ продукт» ЖШС бизнес-құрылымының өкілдері үшін семинарлар өткізілді. Іс-шараларға жалпы саны 300 адам қатысты. Семинар барысында мамандар АИТВ инфекциясының берілу жолдары, оның алдын алу шаралары және заманауи диагностикалық әдістер туралы толық ақпарат беріп, қатысушылардың барлық сұрақтарына нақты және жан-жақты жауаптар ұсынды. Ақпараттық-түсіндіру жұмысының негізгі мақсаты – халықтың АИТВ инфекциясы туралы білім деңгейін арттыру, жеке және қоғамдық денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ АИТВинфекциясымен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті төмендету болды. Іс-шара дәріс, интерактивті сұхбаттар мен сессиялар түрінде өткізіліп, қатысушыларға ақпараттық-білім беру материалдары таратылды. Орталық мамандары АИТВ инфекциясына тұрақты түрде тестілеуден өтудің маңыздылығын және өңірдегі медициналық ұйымдарда тегін әрі құпия түрде тексерілудің қолжетімділігін еске салды. Профилактикалық іс-шаралар аясында 103 адам құпия түрде жедел АИТВ тестілеуінен өтті. Мұндай алдын алу іс-шаралары салауатты өмір салтын қалыптастыруға, халықтың ақпараттану деңгейін арттыруға және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілікті азайтуға септігін тигізеді.