Қаланың орталығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «Бақыт кішкентай нәрседе» атты әлеуметтік акция өтті. Іс-шара «Қиындықтардан – өзгерістерге: АИТВ-ға жауап ретінде» ұранымен ұйымдастырылды.
Шараның ұйымдастырушысы – Жетісу облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы, волонтерлік және жастар ұйымдарының қолдауымен өткізілді.
Акция барысында қала тұрғындары мамандардың кеңестерін алып, АИТВ мен жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекциялардың алдын алу бойынша ақпараттық материалдармен танысты. Достық және жылы атмосфера орнату мақсатында волонтерлер жүргіншілерге өз денсаулығына қамқор болудың және айналадағы адамдарға көңіл бөлудің маңыздылығын еске салатын тақырыптық жазуы бар шоколадтар сыйлады.
АИТВ – үкім емес, онымен ұзақ әрі белсенді өмір сүруге болады.
Мамандардың айтуынша, адам өз АИТВ-статусын неғұрлым ертерек білсе, емдеу соғұрлым тиімді болып, өмір сапасы жоғары болады. Мұндай акциялар адамдарға алғашқы қадам жасауға – қорқыныш пен айыптаусыз тест тапсырып, шындықты білуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға ондаған волонтер мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылардың пікірінше, мұндай бастамалар халықтың ақпараттылығын арттыруға және АИТВ туралы жалған түсініктерді жоюға ықпал етеді.
ШЖҚ «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКК мамандары өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жаңа АИТВ жұқпаларының азайғанын атап өтті. 2025 жылдың басынан бері 134 ақпараттық-ағартушылық іс-шара өткізіліп, 10 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл алдын алу жұмыстарының тиімділігін және мұндай акциялардың маңыздылығын дәлелдейді.

.jpeg)

