Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКК базасында медициналық орталықтардың жауапты қызметкерлеріне АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу жүргізу мәселелері бойынша оқыту семинары-тренингі өткізілді.
Оқытуды клинико-диагностикалық зертхананың меңгерушісі М.М. Думбирова және зертхана қызметкері А.Е. Арыстан жүргізді. Семинар барысында қатысушылар АИТВ инфекциясын жедел диагностикалау бойынша теориялық материалдармен танысып қана қоймай, жедел тест жүргізу және нәтижелерін бағалау бойынша практикалық дағдыларды да меңгерді.
АИТВ инфекциясына жедел тестілеу – бұл заманауи, жылдам диагностикалау әдісі, ол негізгі осал топтар арасында, төтенше жағдайлар кезінде, медицина қызметкерлері арасында және құпия түрде тексерілгісі келетін адамдар үшін кеңінен қолданылады.
Жедел тесттер АИТВ-1, АИТВ-2 вирустарын және p24 антигенін анықтауға мүмкіндік береді. Олардың сезімталдығы (97,5–100%) және ерекшелігі (95–99,9%) жоғары, бұл оларды ИФА тест-жүйелерімен салыстырмалы етеді.
Тестілеу процедурасы күрделі емес және орта есеппен 20-40 минутты құрайды. Биологиялық материал ретінде, көбінесе толыққанды қан және қан сарысуы қолданылады, сондай-ақ қызылиек сұйықтығы арқылы да жедел диагностика жүргізуге болады.
Оқыту АИТВ-инфекциясын ерте анықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және халықты тиімді скрининг әдістерімен кеңінен қамтуға бағытталған.